-
Хатами Ходжатоль Эслам валь Мослемин Сейед Мохаммад
(1943) – Ислам мемлекеті Иранның 5-ші президенті (1997-2005), екінші мәрте 2001 қайтадан сайланды. Х. пікірінше, «Ақпаратты ғасыр - ол білімге негізделген ғасыр» - мәдениеттің күрделі мәселелеріне сүйенген пікір алмасуға талпыну, саяси диалог жүргізуге талпыну, күшіне сенген саяси топтардың халықаралық қатынастарды реттеу мүмкіндіктерін жіберіп алғанын аңғартады. Шынайы әлемде жаңа халықаралық тәртіпті тек мәмілеге қол жеткізу арқылы орнатуға болады. Оның тұжырымдауынша, қазіргі заманда нағыз мәміле халықтың санасына қысым жасайтын жәй ғана көзбояшулыққа ауыстырылған. Үлкен ғылыми мүмкіндіктерге қарамастан мәдени саладағы диолог жолында шарасыздық бар. Біздің әлем мәдени білімсіздік пен саяси қайшылықтардан адасуда. Шығыстың Батысты және керісінше Батыстың Шығысты түсінуі бұрмалануда. Бұқаралық ақпарат құралдары таратып жатқан ақпарат өз деңгейінде жетпейді. Х. «БАҚ өзгелерді естіп, түсіну үшін қолайлы жағдай жасауы керек, шынайы ақпарат таратуы тиіс, күштің логикасынан алшақтауы қажет» деп атап өтеді. Х. тұжырымдауынша «адамгершіліктің жалпы нормасын нақтылап, күш пен билікті осы принциптерге бағынуға мәжбүр ететін БАҚ этикасына байланысты жаңа диалог бастау қажет». Егер адамзат тұрақты өмірде, адамгершілік қағидаларды қажет ететін болса, онда берік, ұлттық және халықаралық заңдар мен тәртіптерді іске қосып, демократиялық құндылықтарды қорғау қажет. БАҚ - тың заң аясында жаңашыл этикасын дамытып, халықаралық өкілеттігін күшейту керек. Оның айтуынша, нақ осы Еуразия көне цивилизацияның түйісетін нүктесі болып табылады. Оны коммуникация және қарым-қатынас нүктесіне айналдыру қажет. Негізгі шығармалары: «Ислам, сұхбаттастық және азаматтық қоғам».
-
Чжан Цзай
(1020-78) – неоконфуцийшілдіктің негізін қалаушылардың бірі. Ч.Ц. іліміне сәйкес дүниеде бір нәрсенің бәрі бастапқы материядан – ци-ден пайда болған, ол қозғалыс пен тыныштық қасиетіне ие. Табиғат – «тамыр», ал парасат оның перзенті болып табылады. Цидің ең бастапқы күйін Ч.Ц. «Ұлы бос кеңістік» деп атады. Бастапқы материя «Ұлы бос кеңістікте» шашырап тарап кетеді, ал оның жиналуы судың мұзға айналуына ұқсас. Цидің жиналуы мен ыдырауы барлық құбылыстар мен заттардың пайда болуы мен жойылуын анықтайды. Ч.Ц. философиясында «дао» («жол») деген ұғымға үлкен мән береді, онымен цидің өзгеру және құбылу процесі белгіленді. Бастапқы материяның қозғалысы мен өзгерісі бір-біріне мүлдем қарама-қайшы екі нәрсенің оң-ян мен теріс – иньнің (Инь мен ян) бірлікте іс-қимыл жасауына негізделген. Дао дегеніміз солардың бірлігі, оны Ч.Ц. әрі «ұлы үйлесім» ретінде белгіледі. Табиғатта қозғалыс хаотикалық бей-берекет сипатта болмайды, ал бастапқы материя цидің өзіне тән заңмен (ли) анықталады. Заң адамдардың еркіне байланысты емес. өзінің таным теориясында Ч.Ц. дәйекті болмады. Оның көзқарасы бойынша, сезіну таным көзі болып табылып, адам сол арқылы сыртқы дүниемен байланыс орнатса да, дау танымында сезім-түйсікпен қабылдауға негізделмеген. Ч.Ц. ілімі неоконфуцийшілдік мектебінің кейінгі өкілдерінде кеңінен қолдау тапты.
-
Чжан Шаохуа
Қытай философы. Оның пікірінше, біздің қазіргі өміріміздің өзінде жаһандық өркениеттің эмбриондық рухы сезіледі. Ч.Ш. жаһандық өркениетпен бірге жаралған эмбрионның өсіп-жандануы тұрмыстық өмірден де, рухани құндылықтар азғындауынан да өз көрінісін беріп отыр. Оны толғандырған философиялық идеялар: 1) барлық заттың біртұтастығы; 2) барлық адамзаттың біртұтастығы; 3) аспан мен адамның біртұтастығы.
-
Чжу Си
(1130-1200) – Қытай философы, Сунь дәуіріндегі неоконфуцийшілдік мектебінің көрнекті өкілі. Ч.С. ілімі айқын идеалистік сипатта болды. онда конфуцийшілдік идеялары бір жүйеге келтірілген. Ч.С. идеалды негіз «лиді» - бастапқы, материалдық негіз «циді» - соңғы деп есептеді. Лидің идеалдық субстанциясының формасы мен сапасы жоқ, оны сезім – түйсікпен қабылдау мүмкін емес. Қозғалыс пен тыныштықтың (Инь және ян) ұдайы алмасу процесінде дүниенің бес материалдық бастапқы элементі: су, от, ағаш, металл, жер пайда болады. Ч.С. конфуцийшілдіктің саяси-этикалық ілімін батыл қорғады. Адамның «тума табиғатын» ол идеалды негізден (ли) шығарды. Ч.С. Конфуцийдің саяси-этикалық қағидаларын оорындауды қоғамдық өмірдің негізі деп есептеді. Ч.С-дің кейіннен заңдастырылған ілімі білім берудің дәстүрлі жүйесінің негізі болды.
-
Шанкара-Ачария
(санскр. Саnkаrа - есім, acarua - ұстаз) (788-820) – үнді философы, мистик, поэт, ортодоксальді теолог және реформатор, ұстаз және Адвайта-Веданта мектебінің уағыздаушысы. Ш. индуизмнің философиялық негізін қалаушы. Оның ойынша, негізгі философиялық мәселе шынайылық мәселесі. Оның ілімінде үнділік Веданта мен буддалық Мадхьямики идеялары сәйкес келеді. Ш. Реформизмі тантризмде қабылданған натуралистік салт-дәстүрлермен құрбандық шалу, дінді Шакти лердің табынатын қолайсыз формаларынан тазарту міндетін қою мен мимансаның архаикалық культін терістеуден көрінеді. Оның ойына жүгінсек, негізгі философиялық мәселе бар болмысқа қарама қайшылық ретіндегі реалдылық, осыны Құдай мәселесіне қатысты қарастырды. Әйтседе, Ш. бойынша бар, өмір сүріп жатқан нәрсе реалды емес болуы мүмкін, ал жоқ, тіршілікте жоқ нәрсе шынайы болуы мүмкін. Ш. индивид рухы (Атман) мен жоғары рухани бастама (Брахманға) дуалистік дуалистік тұрғыдан қарамайды. Атман мен Брахман тұтас – болмашы іспен қарым қатынасты үзу нақты әлемде айқындалады, адамның міндеті – жалғандықты игеріп қана қоймай, Атман мен Брахманның теңдігіне жету. Рухани тәжірмбеде Ш. «білім жолының» («джняна-марга) негізін салушы. Адам санасының дамуының бастапқы деңгейінде рухани талпыныс пен барлық жолдар пайдалы деп тұжырымдады. Ш. көргенсіздік немесе «түсінбеушілік» (авидью) тек қандайда бір қасиет және жетіспеушілік қана емес, жоғарғы рухани Реалдылықты жасырып тұрған объективті космостық фактор деп есептеді. Негізгі шығармалары: «Брахмасутраға», Бадараянға, ІІ Упанишадаға, «Бхагавадгитаға» және «Упадешасахасри» және «Вивекачудаманиға» түсіндірме.
-
Шәкәрім Құдайбердұлы
(1858-1931) – Абай дәстүрін жалғастырушы ақын, ойшыл ғалым. Шайыр шығармаларының өзегі - философия, ғылым-білім және дін. Өмірдің мәні мен ой-сана тереңдігіне үңілген Шәкәрім де ұлы Абай секілді дүниенің ғаділетін іздеген ақын. Адам мәселесі Ш. философиясының орталық тақырыбы, яғни зерттеудің негізгі субъекті. Адам феноменін ол табиғат пен тарих мүмкіндіктерінің өзіндік өлшемі, жаратылыс дүниенің сыры ретінде қарастырады. Сонымен қатар Ш. дүниенің «адами сипатына» жасаған анализі оптимистік тұжырымдар мен соны да бірегей концепцияға әкелді. Ш. философиясының басты ерекшелігі – жалпы жаралыс, адам, қоғам туралы біртұтас көзқарас, яғни тұтас әлемдік сипат. Ойшыл дүниедегі адамның орны мен табиғатын сол әлемдік тұтастық тұрғысынан қарастырады. Яғни, адам туралы ілімнің негізіне Ш. белгілі онтологияны қояды. Қазақ қоғамының рухани өсуіне, жастардың ғылым-білімге, өнерге деген құштарлығын оятты. Орыстың солақай саясатына елітіп, қазақтар арасында іріткі салып жүрген пысықтарға байланысты «ар түзейтін ғылым» керектігін айтты, тобырға тоқтау салды. Қ. Өлеңдерінде, поэмаларында, тарихи философиялық трактаттарында Шығыс пен Батыс елдері ойшылдарының, ғалымдарының, ақын-жазушыларының еңбектері мен шығармаларының аты аталып ғана қоймай, сонымен бірге мазмұн-мәні ашылып, кейде бірсыпыра ой-пікір жарыстырылып отырды. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік білген ақын батыс пен шығыс ғұламаларының еңбектерін қазақша тәржімалады. Негізгі шығармалары: «Үш анық», «Мұсылмандық шарты», «Тіршілік жан туралы», «Тумақ, өлмек – тағдырдың шын қазасы», «Ақыл – деген өлшеусіз бір жарық нұр», «Адам немене?», «Тәңірі мен жан», «Жан мен дене һәм көңіл», «Анық пен танық», «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» махаббат дастандары.
-
Шоқан Уәлиханов
(1835-1865) – озық ойлы, тұңғыш қазақ зерттеушісі, ғалым, географ, этнограф, қазақ халқының өнеркәсібі, ауылшаруашылығы, сауда қатынастары, діни сенімдері, асыл мұрағаттары жайлы зерттеулер жүргізуші, көптеген ғылыми еңбектер авторы. У. алғашқылардың бірі ретінде мемлекеттік сауда саясатына көңіл аударып, оның тиімді де тиімсіз тұстарын ғылыми түрде дәлелдеген. Бірақ, сол кездегі қазақ халқының жалғыз тіршілік ету көзі - мал бағу еді. Қазақтар малды тек өнім ретінде ғана емес, өндіріс құралдары ретінде де пайдаланған және мал шаруашылығымен кәсіби түрде айналысып, шикізат өңдеген, өнімдер өндірген, сауда қатынастарын дамытып, айырбас жолдарын жүзеге асырған. Малдардың жаз айларында солтүстіктің салқын аймақтарында, керісінше қыстың ызғарлы күндерінде оңтүстіктің жылы аймақтарында бағылу тәжірибесі, қазақ халқының географиялық және экологиялық ілім білімдерінің табиғи түрде дамығандығын, дала өркениетін меңгергендігін байқатады. Шоқан осы мәселеге аса ден қойып, жайылымды көшпелі мал шаруашылығының жағдайын талдап, «мал шаруашылығы - халық байлығы» деген қанатты сөз қалдырды. Бертін келе, мал шаруашылығының өрісі тарылып, одан әрі дами алмайтындығына көзі жеткен қазақтар тіршілік күйінің басқа арнаға өзгеру керектігін түсініп, отырықшылыққа ауыса бастады. У. бұл қадамды прогрессивті шешімге балап, оң баға берген. Негізгі шығармалары: «Сот реформасы туралы жазбалар», «Ыстықкөл сапарының күнделігі», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қытай империясының батыс провинциясы мен Құлжа қаласы».
-
Шри Ауробиндо
(1872-1950) – философия мен йоганы біріктіріп синтездеуге ұмтылған, барлық тіршілік етуші йога мен философиялық ағымдарды бір ілімге біріктіріп, ортақ ой қорытуға талпынған. Оның философиясындағы материя мен рух алғашқы шындық – брахманның екі атрибуты ретінде жарияланған. Ш.А. йога туралы түсінігі эволюция ұғымымен бірігіп тоғысқан. «Барлық өмір- Йога», яғни табиғаттың барлық эволюциясы – Йога болатын болса, жеке дара дамыған индивидтің өмірі де - Йога. Ш.А. үшін йоганың бірден-бір негізгі ережесі өзіңді тек өзіңдік күштер арқылы ғана емес, басқа жаратылыс шарттары (әлем, тыныштық, шынайылық және т.б.) арқылы да трансформациялау болып табылады. Бұл трансформация жаратушы сыйының адамға құдірет ретінде еніп, оның құдіретті күш пен адамдар арасындағы делдалдық қызметін атқару үшін қажет. Ш.А. идеялары қазіргі заманғы Үнді философиясында кең танымал: оның йогалық жолын ұстанушыларға Үндістанның оңтүстік бөлігінде орналасқан Пондишерри қаласынан бірнеше шақырым алыс интернационалдық Ауровиль қаласының негізі қаланған, онда Ш.А. арналған ашрам бар.
-
Ыбырай Алтынсарин
Өркениетшіл үлгіні ұстанған қазақ ғалымы, ағартушы, педагог, этнограф, фольклоршы, Қазақстандағы педагогикалық білімнің негізін қалаушы. Ол дүниежүзі әдебиеті классиктерінің В.Шекспир, И.Гете, Д.Байрон, А.Пушкин, Н.Гоголь, М.Лермонтов, Ә.Фердоуси, Ә.Науаидің шығармаларымен етене таныс болды. Алтынсарин Орыс-қазақ мектептері, Торғай, Ырғыз уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ мектептер мен қол өнер училищелерін ашып, халыққа білім беріп, орыс халқының көш алды ғылымы мен мәдениетін үйретуге тырысты. Осы мақсатта оқулықтар мен хрестоматиялар жазып, жаңа алфавит пен күнтізбені енгізді. Алтынсарин ел ішін мұғалім ретінде аралай жүріп, халықтың өте ауыр тұрмысын өз қолжазбаларында үнемі жазып жүрді және оның себептерін ашу жолында үлкен еңбек етті. 1879-80 жылдар аралығындағы жұт туралы ауқымды статистикалық материалдар мен дерек көздерін жинақтаған. Ол өркениетке бара бірден бір жол халық арасында білім мен ғылымды мәдениетті жетілдіру және жетістікке жету тек ғана сұхбат, қатынас арқылы жүзеге асады, сондықтан да озық ойлы халықтардан мәдениетті үйрену, жақсы әдептерге еліктеу керек деп есептеді. Сонымен қатар, ол қазақ халқын отырықшылыққа шақырып, белгілі бір кәсіппен шұғылдануын арман етті және осы мақсатта тәлім-тәрбиеге толы көптеген әңгімелер жазып, жастар бойындағы еңбексүйгіштікті, кәсіпшілікті, талғампаздықты оятуға ұмтылды. Кәсіппен айналысқан адамның тұрмысы оңды, жаңа заманға бейімделуі оңай болады деген қағиданы ұстанды. Негізгі шығармалары: оқулық «Қазақ хрестоматиясы» 1879, «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» дидактикалық оқу құрал.
-
Ян Чжу
(б.з.б. 395-335) – ежелгі Қытай философы. Өз ілімінде аңғал материализм айқындамасынан көрінді, діни түсініктер мен мәңгілікке сенуді сын тезіне алды. Оның пікірі бойынша, табиғат пен қоғамның барлық оқиғалары мен құбылыстары – оның өзі тағдыр деп анықтаған табиғи қажеттілік принципінің көрінісі. Сондықтан оның көзқарастарында фаталистік детерминизм элементтері кездеседі. Я.Ч. бәрі де өліп, құруға тиіс деген ой түйеді. Өмірдің орнына табиғи қажеттілікпен ажал алмасады, пайда болғаннан кейін жойылу келеді. Этикада өзінің сезімдері мен тілектерін барынша қанағаттандыратын жеке адам бірінші қатарға қойылады, сөйтіп өмірдің қазіргісін пайдаланып, ләззат алуға, өлгеннен кейін не болатынын ойлап бас қатырмауға шақырды. Алайда я.Ч. гедонизмі мен эвдемонизмі шектен шығып кеткен жоқ. Оның дарашылдығы конфуцийшілдік тұсындағы адамдардың этикалық және әлеуметтік сатыларына кері әсер етті.