-
Мұхтар Әуезов
Жазушы, драмашы, публицист, зерттеуші, аудармашы әрі қоғам қайраткері, ауыз әдебиеті мен классикалық әдебиеттің, батыс пен шығыс көркем сөз мұрасының озық дәстүрін жете меңгеріп, қазіргі дәуірдегі қазақ әдебиетінің реалистік сапасын артттыруға, әдеби тілді байытуға ересен еңбек сіңірген ұлы жазушы. Жазушының әңгімелеріне тән оқиғалық, тартыстық жүйелер драмалық шығармаларында кездеседі. Бұл да суреткердің өмір ақиқатын неғұрлым шыншыл әрі толық бейнелеу ниетінен туған көрініс. Творчестволық жолының алғашқы кезеңінің өзінде-ақ Әуезов көп қырлы талантын айқын танытты. Ол бұл тұста, әсіресе, көркем прозаның майталман шебері болып қалыптасты. Өмір оқиғаларын қаһарман мінезімен ұштастырып, қайталанбас сом тұлғалар жасау дәстүрін тереңдетті, прозаның әңгіме-повесть түрлерін жетілдірді. Тарихи тақырыпты да, заман шындығын да өзіне ғана тән өрнектеп жырлайтын арнаға түсті. Ол қазақ әдебиетінде драматургия жанрының негізін салушылардың бірі. "Еңлік-Кебек", "Қаракөз", "Түнгі сарын", "Ақ қайың", "Тас түлек", "Тартыс", "Алма бағында" сияқты шығармаларында кеңес адамдарының жаңа өмір қалпын, жасампаз еңбегін бейнелейді. Осы салаға ерекше көңіл бөліп, қаламгерлік жолының әр кезеңінде бас-аяғы жиырмаға жуық пьеса жазды. Оның "Абай жолы" роман-эпопеясы - бүкіл кеңес әдебиетінің аса көрнекті шығармасы. Романның идеялық-көркемдік биік жетістігін жер жүзінің прогресшіл әдебиет, өнер қайраткерлері жоғары бағалады. Француз жазушысы Л. Арагонның: "Эпикалық "Абай" романы... ХХ ғасырдағы ең мәнді романдардың бірі", - деген сөздері демократиялық бағыттағы шетел жазушыларының ортақ лебізі болып естіледі. Бұл пікірлер роман - қазақ әдебиетінің зор жетістігі болғанын дәлелдейді. Дүние жүзінің отыздан астам тіліне аударылып жарық көрген бұл шығарма миллиондаған оқырманды сусындатып, оларға ұлы Абайды, Абай арқылы қазақ халқын паш етті. Әуезов тек қана жазушы емес, қазақ әдебиет ғылымының ірі теоретигі, абайтанудың негізін салушы. Ол түркі тілдері әдебиетінің тарихы жөнінде терең ғылыми зерттеулер жасады. Оның қаламынан әлемдік және орыстың тамаша классикалық әдебиетінің, бауырлас халықтар әдебиетінің танымал шығармаларының тәржімелері туды. Жазушы, академик, тұңғыш драматург, талантты романист, білгір сыншы, белгілі қоғам қайраткері".
-
Мэнцзы
(шаммаен б.э.д. 372-289) – Конфуцийдің көрнекті ізбасары. Оның көзқарастары «Мэнцзы» кітабында берілген. Ол өзінің философиялық көзқарасын идеалистік ұстанымымен ұштастырған. М. есептеуінше, танымның негізгі процесі сезімдік қабылдау мен сезінуде емес, ақылдың қатысуында. Мораль мен этика адамның табиғи сапасынан шығады. Этикалық-моралдық ұстанымдар адам табиғатына тән, ол «аспаннан» - жоғарғы мақсатты бағыттаушы күштен пайда болады. Сонымен бірге, ол «туа біткен қабілет» және «туа біткен ілімнің» бар екенін мойындады. Ол өзінің әлеуметтік-саяси көзқарастарында, халықтың ұсыныстары мен талабтарына жауап бермесе, оның орнын ауыстыра алуға құқылы басқарушының бағынушы рөлі мен халықтың басқарушы рөлі туралы ойларды баса айтып, жеке прогрессивті жағдайларды баяндады. М. елдердің бірігуіне шақырды. Оның ілімі феодалдық Қытайдың идеологиясына келелді ықпалын тигізді.
-
Нагарджуна
(б.э. 2 ғ) - үнді ойшылы, «орталық буддалық философиялық мектеп мадхьямиканың (орталық ілім) негізін қалаушы, махаяна мектебінің өкілі. Буддизмде Н. Архат 14-ші Патриарх және Бодхисаттва болып табылады. Оған «Екінші Будда» деп құрмет көрсетуде қалыптасқан. Н. Философиясының негізі қоршаған ортаның жалған, алдамшы, яғни «бос кеңістік» (шунят) ілімінен құралған. Н. Вайбхашики, ньяя, санкхья және т.б.ілімдерге сыни көзқараспен қарап, қарсыласының философиялық жағдайының абсурдтылығына мәлімет тәсілін қолдану арқылы танылды. Ол өз заманындағы философиялық жүйелердің негізгі категориялары: объект пен субъектінің, болмыс және биболмыстың, қозғалыс және уақыттың қарама-қайшылығы мен біржақтылығын айтып өтеді. Өз ілімін «орта жол» деп атай отырып, Н. Тезис сияқты антитезичті, тұтас субстанция сияқты жекелеген дхарманы да теріске шығарады. Н. Интуитивті ақыл ойдан жоғары білім ілімін дамыта отырып, буддистік интуитивизмнің негізін қалаушы болып саналды. Сонымен қатар үнді ойшылы метафизикалық тартыстардағы өзіндік диалектикалық ерекшелігімен танылды. Н. диалектикасы скептиктер мен элеаттар диалектикасына жақын. Егер элеаттар үшін Тұтастыққа ақыл арқылы жетуге болатын болса, Н. танымдағы ақылдың рөлін теріске шығарады. Оның пікірінше, ақыл-ой шешілмейітін қарама-қайшылықтарға алып келеді. Қазіргі таңда буддологияның тұтас бір саласы – Нагарджуноға кіріспе қалыптасқан. Негізгі шығармалары: «Н-Сутралары» немесе «Н-шастра».
-
Науаи Әлішер Низаммаддин
(9.2.1441-3.1.1501) – түркі халқының ұлы ақыны, ойшылы, мемлекет қайраткері. Ә.Н. 15 жасында түркі және парсы тілдерінде бірдей жазатын блгілі ақын болды. Гератта, Мешхедте, Самархандта оқып, логика, философия, математика пәндерінен мағлұмат алды. өзінен бұрынғы Фирдауси, Низами, Дехлауи, Хорезми, Саиф Сараи, замандастары Атаи, Саккаки, Лутфи, Лутфи шығармашылығымен танысты. Ол шығармашылық жұмыспен айналысып, «хәмсә» жырлар тобына енетін «Жақсылардың таңдануы» (1843), «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті әлем» (1484), «Ескендір дуалы» (1485) атты шығармаларын жазды. Ә.Н. «хәмсәсінің» Низами, Дехлауи, Жәми «хәмсәларынан» ерекшелігі – араб-парсы тілінде емес, түрік-шағатай тілінде жазфлуы, халықтың ой-арманына, мақсат-мұратына жақындығы. 1488-1501 жж арасында көптеген ғылыми және көркем шығармалар жазды. Олардың ішінен тарихи-өмірбаяндық («Әджам патшаларының тарихы», «Саид Хасан Ардашердің өмірі», дидактикалық-философиялық («Құстар тілі», «Көңілдердің сүйгені»), әдеби-теор. («Өлең өлшем»), лингвист. («Екі тілдің таласы»), әлеуметік-экономикалық («Вақфия»), діни-ғұрыптық («Пайғамбарлар мен хакімдердің тарихы», «Мұсылмандық нұры», «Гауһарлар шоғыры») туындыларын атауға болады. 40-мың жолдық «Ой қазынасы» аталатын кітабы төрт жинақтан тұрады: «Балалық базары», «Жастық жарасымы», «Егделік ерсілігі», «Қарттың өсиеттері». Парсы тілінде 12 мың жол өлеңін «Диуани фани» деген атпен дербес жинақ етіп құрастырды. «Бес қайрат» кітабын ұстазы Абд әр-Рахман Жәмиге арнады. 15 ғ-да өмір сүрген 400-шайырдың шығармашылығынан мәлімет беретін «Ғажайып мәжілістер» кітабын жазды. Ә.Н. шығармалары 15 ғ-дың өзінде Мауеренахр мен Хорасанда ғана емес, Иран, Әзербайжан, Шығыс Түркістан, Үндістан, Мысыр, түркі елдеріне, кейіннен Еуропа мен Америка кітапханаларына тарады. 20 ғ-да науаитану қазірде дербес ғылым саласына айналды.
-
Омар Хайам
(шамамен 1048- 1113және 1132 аралығы) – толық аты - Гийяс ар-Дин Абу-л-Фатх Омар ибн Ибрахим Хайам Нишапури – ирандық ойшыл, энциклопедист, философ, математик, астроном, ақын. Х. Авициенаның «Көңіл аудару» шығармасын арабшадан парсыға аударғандығы үшін перепатетикалық жағынан да танымал. Оның философиялық және жаратылыстанулық трактаттары - арабша, рубаилары – парсыша жазылған. Х. 11 ғ. Иранның мәдени орталықтарының бірі – Нишапурада, танымал қолөнерші жанұясында дүниеге келген, сондағы аристократиялық медреседе классикалық мұсылмандық білім алады, ары қарай Балх және Самаркандта физика, астрономия, математика, философия, тарих, құрантану, заң, медицина, филология, музыка теориясы мен өлең құрау теориясын кәсіби түрде меңгерді, антикалық мұраның білгірі болды, Аристотель, Евклид, Архимед және т.б. арабшаға аударды. Х. үйленбеген, балалы болмаған, уақыт өте қарым-қатынас аясы да тарылып, бірнеше ғана шәкіртпен шектелген.Өмірінің соңғы кезінде ол рухани бөлектену, жалғыздық пен терең интеллектуалды қанағатсыздыққа ұшырады. Оның өлімі туралы мәліметтер сақталмаған, бірақ оның қорымы Нишапурада әлі күнге дейін өте танымал. Х. бастыстықтардың бағалауынша тек шығыстық классик ғана емес, - ол бұқаралық деңгеймен қатар элитарлық мәдениет деңгейі ретінде де еуропалық менталитетпен керемет үндесесуші. Еуропада да, Америкада да Х. ізбасарларының клубы жұмыс істейді, оның аты ұсынылған үлкенді-кішілі дүңгіршектер бар немесе тарихи айғақ ретінде бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстағы ағылшын солдаттары арасында «Рубайаттардың» кең көлемде таралуы. Х. еуропалық тілдерге аударудың тарихы еуропалық әдебиеттануда хайамистиканың бүтін бір дәстүрін құрайды: М.Никола Францияда, Д.Росс Англияда, Ф.Розен және Х.Ремпис Германияда, В.А.Жуковский Ресейде, А.Кристенсен Данияда және т.б. Негізгі шығармалары: «Болмыс және парыздану туралы трактат», «Үш сұраққа жуап: әлемдегі қарама-қайшылықтың қажеттілігі, детерминизм және мәңгілік», «Жалпы ғылымдар пәні туралы ақыл нұры», «Талап қажеттілігінің кітабы», «Арифметиканың қиындығы» және т.б. Негізгі ақын-жыраулық шығармасы: 400 жуық өлеңдер, төрт қатарлы афористикалық жанрдағы – рубаилар.
-
Рамакришна
(шын есімі – Гадалхар Чаттерджи) (1836-86) – индуизм реформаторы. Үндістанның қоғам қайраткері. Р. Бүкіл адамзаттық бірегей дінді уағыздады; оның алғышарттары веданта мен шакти-тантрадан алынған. Ол ведантаның әртүрлі мектептерін ымыраластыруға тырысып, оларды иогтік рухани тәжірибелердің сатылары түрінде көрсетті. Болмыстың ең жоғарғы негізін ішкі айырмашылықтардан ада абсолют (ниргуна брахман) деп тани отырып, ол сонымен бірге дүниенің жалғандығы тұжырымдамасына қарсы шықты. Қоғамдық қызметті ол тым тар шеңберде түсінді және негізінен филантропия мен жалпыға бірдей «рухани жетілу» туралы ойластыруға ден қойды. Р. Ақшаның құдіреттілігімен, жат жерлік басқыншылардың зорлық-зомбылығымен және т.б. ерекшеленетін «темір құрсаулы ғасырдың» (кали-юг) қасіреттерін жоюдың кілті осында деп білді. Оның «кали-юг» туралы айтқан пікірлері, ағылшындардың отаршылдық үстемдігінің зардаптарын әшкерелеуі ұлтты наным арқылы қайта өрлеуге әкеледі деген аңғалдық сеніммен ұштасады. Р. Уағызы отаршылдық тәртіптерге қарсы енжар наразылық шегінен шықпады. Дегенмен феодалдық идеологияның сарқыншақтары болған көптеген діни секталар мен діни ілімдер жайлаған сол кездегі Үндістан жағдайында оның бірегей дінді насихаттауы ұлттық бірлікке шақырған өзінше бір ұран тәрізді естілді.
-
Рудаки Әбу Абдаллаһ Жафар ибн Мұхаммед
(860-941) – тәжік классикалық әдебиетінің негізін салушы, философ. Заманында «Ақындар атасы» атанған. Туындыларының ішінен бізге жеткені «Шарап туралы» қасида, «Кәрілік туралы» ода, 40-қа жуық әр түрлі жанрдағы жырлар. Шығармаларының негізгі идеялары – адам өмірін жырлау. Бұл дәстүр өзінен кейінгі шығыс әдебиетіне зор әсер етті. Ә.-л-Х.Р. өмірдің сәнді, салтанатты жағын, жақсылықты, кіршіксіз таза махаббатты мадақтады, адам бойындағы асыл қасиетті жырлады. Ә.-л-Х.Р. өлеңдері қазақ жұртшылығына ертеден таныс. Ақынның гуманистік сарындағы шығармалары Абай Құнанбаевқа үлкен ықпал жасады. Ә.-л-Х.Р.өлеңдері Қ.Бекхожин, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Т.Шопашаев, Қ.Жұмағалиевтердің аудармасы арқылы қазақ тілінде жеке кітап болып шықты.
-
Тагор Рабиндранат
үнді ақыны, Калькуттегі ауқатты отбасының он төрт баласының сүт кенжесі. Оның әкесі Махариши Дебендранат Тагор брахман болған. 14 жасында анасынан айрылған Т. жалғыздыққа мойынұсынып тұйықталып қалады. 8 жасынан бастап өлең жазумен әуестенген ол үндістанның мыңғасырлық бай мәдени мұрасын өзіне шабыт етеді. 1878 жылы оның «Ақын тарихы» атты эпикалық поэмасы жарық көреді, ары қарай «Кешкі әуендер», «Таңғы әуендер» атты поэтикалық жинақтары оның поэтикалық танымал ақын болуына жол ашты. Т. Тек өлеңдер жазумен ғана емес, романдар, әңгімелер, Үнді тарихы туралы кітаптар, педагогика сұрақттары бойынша мақалалар мен оқулықтар жазумен де шұғылдана бастады және оң нәтижелерге қол жеткізді. 1913 жылы Т. «терең сезімге жетелейтін, жан толғанысын ашатын, ерекше және керемет өлеңдері және аса шеберлікпен өрнектеген ақындық ойлау стилі үшін» әдебиет бойынша Нобель сыйлығының иегері атанды. Тағайындалған ақшалай сыйды өз мектебінің қорына аударды. Т. батыста ақын ретінде танымал болғанымен, ол көптеген пьесалардың авторы, олар 1913 ж. ағылшын тілінде жинақ болып басылып шықты. Т. Үндістанның 4 университетінің және Оксфорд университетінің құрметті докторы. 1941 жылы Калькутте ұзақ мерзімге созылған аурудан қайтыс болды. Т. өз халқына өз тілдерінің құдіреттілігін, халық мұрасына деген мәдени көзқарас пен адамның өзіне деген сенімділігі туралы сарқылмас күш қалдырды.
-
Тань Сытун
(1865-1898) – қытай философы, 19 ғ-дың аяғындағы буржуазиялық-реформаторлық қозғалыстың идеологы. Өзіндік философиялық көзқарастарын Қытайдағы буржуазыиялық-революциялық қозғалыстың дамуында зор рөл атқарған «Жэнь-сюэ» («Ізгілік тупалы ілім») деген кітабында баяндады. Т. реформаторлардың талаптарын теория жүзінде негіздеуге ұмтылды. Т. ілімі дәстүрлі қытай философиясының идеяларын Батыс Европаның кейбір жаратылыстану ғылымының түсініктерімен ұштастыру болып табылады. Оның ілімінің негізгі ұғымы – «жэнь» - этникалық норманы ғана емес, сонымен қатарметафизикалық принципті де білдіреді. «Жэнь» эфирдегі барлық құбылыстар мен заттардың өзара ықпалының біріктіруші факторы болып табылады. Т. этика мен моральдың қоғамдық нұсқаларға тәуелді екенін айтты. Оның көзқарастары дәйекті болмады. Т. ілімінде ғылыми түсініктер – дінмен, материализм – идеализммен, диалектика – метафизикамен араласып жатыр.
-
Физули Мұхаммед Сүлейманұлы
Мұхаммед Сүлейманұлы Физули (1494 – 1556) — әзірбайжан ақыны. Әзірбайжан, парсы, араб тілдерінде жазған...
Шығармалары қолжазба күйінде тарап, XIX-ғасырда қазіргі Әзірбайжан, Түркия, Ирак және Орта Азия елдерінде бірнеше рет жарияланған. Бізге жеткені 11 қасида мен бір өлеңнен тұратын (барлығы 450 бәйіт) араб тіліндегі жинағына.
Физулидің поэтикалық мұрасынан елеулі орын алатыны — лирикалары мен қасидалары. Физули туындылары қазақ оқырмандарына кептен таныс. Оның мұрасының шырқау шыңы — «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын Абайдың немере інісі, қазақтың көрнекті ақыны Шәкәрім Құдайбердіұлы қазақ тіліне аударған. Абай Физулиді езіне ұстаз санаған. Ақынның шығыс поэзиясы классиктерімен, соның ішінде Физули туындыларымен танысуы медреседе оқып жүрген кезінде басталған. Осы кезеңде жазған «Физули, Шәмси, Сәйхали» өлеңінде шығыс классиктерін тілге алып сиынады, олардан медет тілейді