Нұрышева Гүлжиһан Жұмабайқызы

Нұрышева Гүлжиһан Жұмабайқызы, философия ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Қазақ философиясы» Ғылым және Білім орталығының директоры.
1959 жылдың 14 қаңтарында ҚазССР Гурьев облысы Махамбет ауданы Есбол ауылында дүниеге келген. 1975 жылы орта мектепті үздік бітіріп, Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетіне оқуға түсті және 1980 жылы «Философ. Оқытушы» мамандығын алды. Атырау мемлекеттік университетінде (1980-1996, оқытушы, аға оқытушы), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (1996-2004, аға оқытушы, доцент), Қазақ-Британ техникалық университетінде (2004-2013, профессор, кафедра меңгерушісі), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (2013-2020, профессор, кафедра меңгерушісі) қызмет етті. Қазір осы кафедраның профессор-зерттеушісі. 1992 жылы «Общественное сознание казахского общества конца 19- начала 20 века» тақырыбына кандидаттық, 2002 жылы «Адам өмірі мәселесінің қазақ философиясында көрінісі» тақырыбына докторлық диссертация қорғады.
Философия ғылымының қазақ философиясы, философия тарихы, философиялық антропология, ғылым философиясы, әлеуметтік философия бағыттары бойынша отандық басылымдарда және Web of Science, Scopus базаларына кіретін ғылыми журналдарда, Sрringer баспасында жарық көрген мақалалардың, «Адам өмірінің философиялық мәні», «Өмірдің мәні: философиялық-антропологиялық талдау», «Жыраулар шығармашылығының философиялық-антропологиялық мазмұны», «Фридрих Ницшенің философиясы мен өмірі туралы очерктер», «Қазақ философиясының тарихы. Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін» (4-том, 1.2; 5-том, 1.3), «Абайдың философиялық іліміндегі «толық адам» тұжырымдамасы және қазіргі заман» (1.3, 1.4), «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» (3-тарау), «Energy Justice Across Borders» (Sрringer, 2019) монографияларының, «Общественное сознание казахского общества конца 19-начала 20 века», «Философия тарихы», «Философия», «Әл-Фараби және қазіргі заман», «Аль-Фараби и современность», «Еуропалық Орта ғасыр және Қайта Өркендеу философиясы», «Философиялық антропология», «Philosophy», «The problem of the meaning of life in Kazakh Philosophy», «Философия пәнінен хрестоматия. І,ІІ,ІІІ том», «Ғылыми таным философиясы» (қосавторлық), «История казахской философии» (қосавторлық), «Әл-Фараби: таным тағылымы» (қосавторлық) және тағы басқа оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.
«Өзгермелі әлемдегі Қазақстан: әлеуметтік-мәдени импульстер және Еуразиялық өркениет бағыттары», «Жаңа жаңғыру (Индустрия 4.0): мәселелер, перспективалар және регулятивтер», «Абайдың философиялық іліміндегі «толық адам» тұжырымдамасы және қазіргі заман», Еуроодақтың Эрасмус+ Жан Монне бағдарламасының «Digital humanities in the Republic of Kazakhstan: local solutions for global problems» ғылыми жобаларының және мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ғылыми ізденістер жүргізді.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», «Қазіргі заман философиясының бастауы», «Қазіргі заман философиясы», «Этика», «Жапон философиясы» оқулықтарын қазақ тіліне аударды.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» мемлекеттік жобасы бойынша редколлегияның, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Хабаршысы. Философия. Мәдениеттану. Саясаттану Сериясы», «Acta Baltica Historiae et Philosophiae Scientiarum (Эстония)» журналдарының редколлегия мүшесі.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің
«Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2019 жыл), «Жылдың үздік оқытушысы» атағымен (2019 жыл) марапатталған.