Келбұғанов Ақылбек Жолмұхаметұлы

(1951–1987). К. 1951 ж. 7 нау- рызында Семей облысы, Аягөз қаласында дүниеге келді. 1968 ж. орта мек- тепті үздікке бітіріп, С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және  экономика факультетіне оқуға түседі. Студенттік шағынан өзін  ғылым  мен білімге бейімділігін, құштарлығын танытқан А.Ж. К. оқуын қызыл дипломға тәмамдап, ҚазКСР Ғылым Академиясының философия бөліміне жұмысқа орналасады. 1976 ж. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ге оқытушылық қызметке ауысып, Көне Үнді, Көне Қытай, Батыс Еуропа философиясы, формальды логика пәндерінен дәрістер оқиды. 1977 ж. ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі А.Х. Қасымжановтың жетекшілігімен кандидаттық диссертациясын қорғайды. 1983 ж. АҚШ-тың Мериленд университетінде біліктілігін арттырады. 1985 ж. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дің философия және экономика факультетінің деканы қызметіне тағайындалады. 1986 ж. Эфиопияның жоғары партия мектебіне жіберіліп, онда философия, мәде- ниет тарихы, логика пәндерінен дәрістер оқиды.

Келбұғанов Ақылбек Жолмұхамбетұлы 1951 жылы 7 наурызда Семей облысы, Аягөз қаласында дүниеге келді. Әкесі Жолмұхамбет Келбұғанов (1906-1972) – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Жолмұхамбет ақсақалдың арғы аталары шешен, би, батыр, дін ұстаған кісілер болғанын және өзінің де ақындық өнері бар екенін «Аталарым туралы» атты өлеңінің мазмұнынан білеміз. Әкесі туралы: «Ол айтулы он жеті ақын тегінен шыққан сөз шебері еді. Оның айтқан сөздерінің бәрі мірдің оғындай болатын», – деп еске алады Ләйлә Келбұғанова. Анасы – Келбұғанова Кәмәрия Шәкерімқызы (1918-1978) туралы басқасын айтпағанда туған жері мен еліне сіңірген еңбектері жеке зерделеуді талап етеді. «Құрмет белгісі» орденімен, «Үздік еңбек» медалімен, «Лениннің 100 жылдық» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен марапатталса, 1948 жылдан 1963 жылға дейін бес рет аудандық, қалалық советке депутат болып сайланды. Ақылбек Келбұғанов тоғыз ағайынды, бір әпкесі, жеті аға-інісі болды.

Ақылбек Келбұғанов 1957 ж. Аягөз қаласындағы №243 орта мектептің табалдырығын аттайды, 1965 ж. ЖЛКЖО мүшесі, 1966 ж. комсомол мектеп комитетіне қабылданады. 1968 жылға дейін оның идеологиялық, оқу-тәрбие секторларында «Біздің лениндік комсомол», «Прометей», «Жоғарғы сыныптар» атты клубтарына жетекшілік етсе, «Глобус» атты саяси үйірмеге жауапты болады. Мектепте, әсіресе тарихты, философияны, әдебиетті сүйіп оқиды, тоқығандарын жазып-сызуға дағдыланады. 10-сыныпта Мұса Жәлел (1906-1944) шығармашылығы туралы баяндама оқып, соңын өлеңмен аяқтайды. Бұдан «Өлең мені еркіндікке үйреткен» деген татар ақынының ұстанымы рухани ықпалын тигізбей қоймағаны байқалады. Әйтсе де болашақ қазақ ойшылының мұнда ата-бабадан келе жатқан сөз ұстаған дарынын біз жоққа шығара алмаймыз. 

Ол 1968 жылы мектепті «Күміс белгімен» тәмамдайды. Мектеп директорының Ақылбек Келбұғановқа берген мінездемесі былай деп аяқталады: «Ақылбек сыныпта және мектепте үлкен мәртебеге ие. Тіпті, тоғызыншы сыныптағы оқушылар «Менің замандасым» атты шығарма жұмысында Алёша Келбұғановқа қазіргі жастардың өкілі ретінде ұстынды, шыншыл, әділетті, еңбекқор етіп сілтеме жасайды. Партияның аудандық комитеті мен аудандық комсомолы ұсынысы бойынша Ақылбекке Патрис Лумумба атындағы Мәскеу халықтар достығы университетінде оқуға жолдама берілді». Бірақ Ақылбек Келбұғанов 1968 ж. М.С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті (Қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарих факультетінің «философия» мамандығына емтиханды ойдағыдай тапсырып, оқуға қабылданады. 17 жасар болашақ қазақ философы топтағы ең жас студент болады. Дегенмен әрдайым белсенді Ақылбек Келбұғанов 1972 ж. Бакуде өткен Бүкілодақтық ғылыми-студенттік конференцияға қатысады. 1973 жылы «Шағылысу үдерісіндегі диалектиканы қолдану» атты дипломдық жұмысын ұстазы Ағын Қасымжановтың жетекшілігімен қорғап шығады. «Философ, философия оқытушысы, қоғамтану» маман иесі ретінде оқуын үздікке тәмамдап, дипломын алған соң 1973 ж. СССР философтар қауымдастығының Қазақстан бөлімінің мүшелігіне қабылданады.

Еңбек жолын 1973 ж. ҚазКСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында алғашында лаборант, кейін кіші ғылыми қызметкер ретінде бастайды. 1976 ж. кандидаттық минимумдарын тапсырады. 1977 ж. А.Х. Қасымжанов пен К.М. Сатыбалдинамен бірге «Танымдағы» шеңберлер» монографиясын жариялайды. 1976-1977 ж. С.М. Киров атындағы ҚазМУ-дың философия және логика тарихы кафедрасына тәлімгер-зерттеуші ретінде қабылданып, «Диалектиканың пайда болу проблемалары ойлау формалары ретінде» атты кандидаттық диссертациясын жазады. Философия және экономика факультетінің төменгі топтарына «Шетелдік марксизмге дейінгі философия тарихы» курсынан дәрістер оқиды. 1977 ж. аталмыш кафедраға оқытушы қызметіне тағайындалып, университет қабырғасында оқып жүрген кездегі ең жас студент топ ішінде бірінші болып кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. 1978 ж. сол кафедраның аға оқытушысы, Университет жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, факультет жас ғалымдар кеңесінің жетекшісі болады. Оқытушылық қызметінің алғашқы жылдарынан-ақ Ақылбек Келбұғанов кең мағынадағы «логика» ғылым саласы бойынша мамандана бастайды. Кафедраның 1978 ж. 10 сәуірдегі №9 хаттамасында ол: «Мен философия тарихы (Көне Шығыс пен Жаңа дәуір) бойынша философия бөліміне, логика бойынша философия және экономика, тарих, заң, журналистика факультеттеріне дәрістер оқимын», – дейді.

«А. Келбұғанов философиялық білімді жетілдіру және философияны оқыту әдістемесі жөнінде абыройлы іс атқарды. Оның мәселелік оқыту әдістемесі деңгейіне қоятын талаптары да жоғары. Ол өзінің дәрістерінде мәселенің мәнін ашып, оны шешу жолдары мен тәсілдерін көрсете білген». Оған Ақылбек Келбұғановтың «Дәрістің логикалық негіздері» (1981) атты әдістемелік оқулығы дәлел.

1981 ж. Ұстаз А.Х. Қасымжановпен бірге «О культуре мышления» атты монографиясын Мәскеу қаласында жарыққа шығарып, доцент ғылыми атағына ие болады. Сонымен қатар кітап болгар тілінде «На културата на мысленете» (1985) Софияда және қазақ тілінде «Ойлау мәдениеті» (1986) Алматыда жарық көрді. Кітапқа арнап досы Бекет Нұржанов 1982 ж. бүкілодақтық «Философия ғылымдары» журналына рецензия жазады. Рецензиядан үзінді келтірсек: «Соңғы жылдары жоғарғы мектепте оқытудың дәстүрлі тәсілдеріне қарағанда бірқатар артықшылықтары бар проблемалық оқыту туралы көп айтылып жүр. Ең бірінші кезекте бұл философияны оқытуға қатысты, өйткені Сократ заманынан-ақ философияның негізгі міндеттерінің бірі проблемалар қою және шешу арқылы ойлау өнеріне үйрету еді; түптеп келгенде, мұндай тәртіппен қарау – кез келген басқа да (тіпті нағыз тәжірибелік) пән үшін заңдылық. А.Х. Қасымжанов пен А.Ж. Келбұғановтың кітабы дәл осындай проблемалық стильде жазылған, ол оқырманды көтерген мәселелерге тартып, көбінесе осы мәселеге немесе авторлардың ұстанымдарына зейін қойып қарауды талап етеді».

О. Пузанов, Т.Ж. Келбұғанов, Л.Ж. Келбұғанова кітапты, «Ойлау мәдениетін» былайша сараптайды: «Дамыған ойға алхимиялық «философиялық ауырлықты» алудың, «мәңгілік қозғаушы күш» туғызудың мүмкін еместігі сияқты және т.с.с. шектеулер бар. Бірақ бұл жерде де барынша сақ болу керек және «дін бұзушылықтың» белгілі бір мөлшерін қосу керек болады, өйткені «жосықсыз» дегендердің қатарында түрлі догмалық схемалар болуы мүмкін. Ой дүрмегінде адам өзін еркін сезінуге үйренуі үшін философия тарихынан артық жоғарғы мектеп табылмас». «Ойлау мәдениеті туралы» кітабының авторларының осы ұстанымы адамның танымдық қабілеттерін бір үлгіге салуға деген кез келген ұмтылысты қабылдамаушылыққа келіп түйіседі, бұл барлық оқу орындарында білімді тексеру үшін жаппай тестілеу енгізілетін біздің заманымыз үшін барынша өзекті. Кітапта сонымен қатар ой-өрістің даму көрсеткіші бола алмайтын IQ (Ай Кью) тесттерді абсолюттеуге жол бермеу керектігі туралы ескертіледі. А. Келбұғанов ойлаудың жұпынылығына, бір өлшемділігіне қарсы шықты: «Ой-өріс – кейбір зерттеушілердің оны қаншалықты бөлшектеуге және өлшеуге тырысқанымен, қатып қалған белгілі бір құрылымы болмайтын, салыстырмалы түрде дербес құрылым».

Ақылбек Келбұғанов сол жылдары «Білім» қоғамы Республикалық ұйымы аясындағы ғылыми-әдістемелік кеңестің мүшесі, «Білім» қоғамы Алматы ұйымының ревизиялық комиссия мүшесі, Университет Жас ғалымдар кеңесі Төрағасының орынбасары қоғамдық жұмыстарын атқарды. 1981 ж. 16 тамызы мен 1982 ж. 14 мамыры аралығында тоғыз ай АҚШ-тың Колледж Парк қаласында орналасқан Мериленд университетінде ғылыми тағылымдамада болады. Мериленд университетінде ғылыми тағылымдамада болған кезінде американдық газетке берген сұхбатында «Менің философия тарихындағы міндетім Батыс философиясының көптеген модификациялары бар екенін дәйектеу. Бұл жерге келместен бұрын ежелгі, ортағасырлық және қазіргі заманғы философия тарихы курстарынан дәрістер оқыған болатынмын. АҚШ-қа келгелі американдық философияның дамуына байланысты ізденістер жүргізудемін. Еліме оралған кезде қазіргі заманғы американдық философияны зерттеймін» – деп атап көрсетеді.

Ақылбек Келбұғанов 1985-1986 оқу жылында шетелдік студенттер бойынша философия және экономика факультеті деканының орынбасары қызметімен қатар факультет деканы міндетін атқарады. 1986 ж. Философия және логика тарихы кафедрасының доценті қызметіне жаңа мерзімге конкурсқа түсу үшін 17 мамырдағы кафедра мәжілісінің №12 хаттамасындағы сөзінен үзінді: «Доцент қызметіне 1981 ж. маусымда конкурс арқылы сайландым. 1983 ж. СССР Жоғарғы аттестациялық комиссиясы доцент ғылыми дәрежесін бекітті. 1981 ж. тамыз – 1982 ж. мамыр аралығында АҚШ-тың (Колледж Парк қаласында орналасқан Мериленд университетінде) тоғыз айлық ғылыми тағылымдамада болдым. Сапардан келген соң тағылымдама материалдары негізінде философ студенттерге арнап «Символикалық логика», «Неміс классикалық философиясы», «Қазіргі буржуазиялық философияны сынау», «Заманауи америкалық философия» атты курстарын дайындадым. Қаңтар айында университет кеңесі 09.00.03. – философия тарихы мамандығы бойынша «Философия тарихындағы ойлау мәдениеті мәселесі» атты докторлық диссертация жұмысымның тақырыбын бекітті». Бұл диссертация тақырыбын Ақылбек Келбұғанов шығармашылығы негізінде межесіне жеткізу – қазіргі жас философ ғалымдарға қалған аманат. Қазақ философиясы топырағында «ойлау мәдениеті» тақырыбында із қалдырған Ағын Қасымжанов пен А.Ж. Келбұғановтың аталмыш еңбектері жалғастығының өзектілігі мен маңыздылығы қазіргі жаһандық заманда артып отырғаны академиялық ортамызда құпия емес.

Ақылбек Келбұғанов 1981 ж. жоғары ғылыми-өндірістік көрсеткіштері мен қоғамдық жұмыстары үшін ОК ЖЛКЖО-ның «Бес жылдықтың жас гвардияшысы» қола белгісімен, 1983, 1984 жылдары Құрмет грамоталарымен, ҚазМУ-дың 50 жыл толуына орай Құрмет грамотасымен, «Білім» қоғамы Республикалық ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталды. 1981-1986 жылдар аралығында ғылыми коммунизм теориясы мен философия тарихы докторлық диссертация қорғау бойынша арнайы кеңестің ғалым хатшысы. «Сол кездегі КСРО мен АҚШ арасындағы күрделі жағдайға қарамастан, Ақылбек біздің республикаға Америкадан ғалым шақыртуға қол жеткізді. Бұл жайлы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапхананың мұражайындағы Естелік кітабында америкалық профессордың мына жазбалары куә бола алады: «Мен Алматы халықтарының соншалық қонақжайлылығына өте ризамын. Университет басшыларымен осы кітапхананың директоры және қызметкерлеріне үлкен алғысымды айтамын. Джеймс Лолер, университет, Буффало қаласы, Нью-Йорк штаты. 5 маусым, 1985 жыл.

Ақылбек Келбұғанов 1986 ж. 11 шілдеде шетелге 3 жылдық педагогикалық жұмысқа нұсқау алып, отбасымен Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласына аттанады. «Ақылбектің Эфиопияға оқытушы болып жұмыс істеуге бару себептерінің бірі тұрмыстың нашарлығынан еді. 1973-1976 ж. Философия және құқық институтында, сосын ҚазМУ-да жұмыс істеп, ол пәтерге аса мұқтаж кезек күткен адамдардың тізімінде болды. Жекеменшік пәтерлерде сенделумен өткен 8 жылдан кейін 1981 ж. Америкаға сапарға шығар алдында Ақылбек ақыры ҚазМУ-дың жатақханасынан ауданы 16 ш.м. болатын бөлмеге қол жеткізеді. Ол бөлмеде тіркелу құқығынсыз, енесі, әйелі және екі баласымен сығылысуға мәжбүр болды, – деп жазады Ләйлә апамыз. Қазақ философының Эфиопиядағы бірінші жылы да аяқталуға жақын еді. Туған еліндегі көктемге ұқсамайтын аптап ыстығы ми қайнататын алғашқы өзгеше көктемінде осында қарсы алады. Қазақ ойшылы Келбұғанов Ақылбек Жолмұхамбетұлы 1987 ж. 27 сәуірде Эфиопия астанасы Аддис-Абеба қаласында жол көлігі апатына ұшырады. 

Негізгі еңбектері: А.Х. Қасымжанов, К.М Сатыбалдина, А.Ж. Келбуганов.

«Круги в познании: ленинское учение о единстве исторического и логического» (1977), А.Х. Қасымжанов, А.Ж. Келбуганов. «О культуре мышления» (1981).