Бейсенов Қасымбек Шайжанұлы

(1949 жылы Жамбыл облысы Шу қаласында туған) – философия ғылымдарының докторы. ҚазМУ-дың философия бөлімін (1971, қазіргі ҚазҰУ) бітірген. Шымкент педогогика институтында оқытушы (1971–1994), 1994 жылдан Тараз мемлекеттік университетінің оқу ғыл.-әдістемелік кешенінің директоры, кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры қызметтерін атқарды. Қ. Бейсенов 100-ден аса ғыл. еңбектің авторы. Негізгі философиялық кітаптары: Философия тарихы, А.-А., 1992; Қазақ топырағында қалыптасқан ғақылиятты ой кешу үрдістері, А., 1994; Ата жұрт философиясы, Тараз, 1997.
Қасымбек Бейсеновтың ұстанымы бойынша, көне нұсқаларды философиялық тұрғыдан терең зерттемеушілік кейбір авторлардың тарихқа “жанашырлық жасауына”, “қамқорлық етуіне”, “шапағатын тигізуіне” əкеліп ұрындырады. Ондай “қамқоршылардың” тіпті “көшпелілігі” үшін “жеңілдік” жасап кейбір халықтарды “еуропалық мəдениет деңгейіне” дейін өлермендік жасап сүйрейтіндер де бар. Қасымбек Бейсенов қазақ халқының философиялық ойларын бүкіл адамзат философиясы тарихымен бірлікте, басқаша айтқанда, біртұтас əлеуметтік процестің бір бөлшегі ретінде қарастырды.
Қасымбек Бейсенов Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры ретінде, Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп қазақтың рухани мұрасын жаңғыртумен, қазба жұмыстарын, этнографиялық экспедицияларды ұйымдастырумен тікелей айналысты.