Айталы Амангелді Әбдірахманұлы

1939 жылы 10 қыркүйекте Астрахан облысы, Володар ауданы, Болдырево ауылында туған. 1964 жылы Гурьев мемлекеттік педагогика институтын, 1967 жылы С.М.Киров атындағы КазМУ аспирантурасын бітірген. Философия ғылымының докторы, профессор. ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, «Білім мен тәрбиенің дүниетанымдық әлеуметтік мәселелерін зерттеу» орталығының жетекшісі. Қазақстан Білім беру ісінің Құрметті қызметкері. Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы. 1999-2007 жылдары Казақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.
КСРО-ның «Құрмет белгісі» Орденімен (1986), еліміздің «Парасат орденімен» (2001) мен марапатталды, «Қазақстан ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» құрметті төсбелгісінің иегері (2009); ІІІ дәрежедегі «Барыс орденімен» және т.б. медальдармен марапатталды.
А.Айталы өзінің шығармашылық жолында философия ғылымы саласында ұлтаралық қатынастар, этномәдени және ұлттық даму мәселелерін ғылыми талдаумен айналысып келеді. Сонымен қатар дін философиясының, қазақ диаспора құбылысының көптеген заманауи қырларын ашумен айналысты. Жоғары білім саласындағы педагогикалық қызметпен ғылыми зерттеулерді қатар алып жүрді. Мәселен, «Қазақстандағы діни ұйымдар мен діни ахуал: ХІХ ғ. соңы – ХХІ ғ. басы» ғылыми-зерттеу жобасының және бірнеше басқа да этномәдениетке қатысты ғылыми жобалардың ғылыми жетекшісі болды.
А. Айталы 200-ден аса ғылым мақалалардың, монографиялардың, оқу құралдарының авторы: Социализм и интернациональное воспитание масс Алма-Ата: «Казахстан» 1979.-123с.; Ұлттану: оқу құралы.- Алматы: Арыс, 2000.-223б.; Ұлт мұраты: депутат көзқарасы. Астана: Елорда, 2003.-154б.