Бейсенов Бағдат Қайбылдаұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті. Философия ғылымдарының докторы. Бағдат Бейсенов 1968 жылы 14 наурызда Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген 2020 жылы өмірден озды. Ол 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия бөлімінің бакалавриатын тәмәмдаған. 1998-2000 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің аспирантурасында оқыған. 2001-2010 жылдары ғылым философиясы және дінтану кафедрасының ассистенті, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті қызметін атқарған. 2002 жылы философия тарихы мамандығы бойынша "Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әлеуметтік философиясы" тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2004 жылы мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасына аудармашы ретінде қатысқан. 2010 жылы дінтану, философиялық антропология, мәдениет философиясы мамандығы бойынша "Қазақ руханиятындағы ислам құндылықтары" атты докторлық диссертацияны табысты қорғаған. 1 оқу құралының, типтік бағдарламалардың авторы, 5 оқу құралының соавторы. 70-тен астам ғылыми мақала жазған. "Ұлттық қауіпсіздік аясындағы діни айқындалу мәселесі" (2007-2009 жж.), "Ұлттық идея аясындағы Қазақстандағы діндер" (2008 ж.), "Қазіргі замандағы діннің рөлі" (2011 ж.) секілді ҚР БҒМ тарапынан бөлінетін іргелі жобалар аясында ғылыми қызметкер ретінде ғылыми зерттеулермен айналысты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының докторы Бейсенов Бағдат Қайбылдаұлы. Бағдат Бейсенов 1968 жылы 14 наурызда Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келіп, 2020 жылдың 9 мамыр күні қайтыс болды. Ол 1996 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия бөлімінің баклавриатын тәмәмдаған. 1998-2000 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің аспирантурасында оқыған. 2001-2018 жылдары ғылым философиясы және дінтану кафедрасының ассистенті, оқытушысы, аға оқытушысы, доценті қызметін атқарған. 2002 жылы философия тарихы мамандығы бойынша «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әлеуметтік философиясы» (Ғылыми жетекшісі проф.Орынбеков М.С.) тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2004 жылы мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына аудармашы ретінде қатысқан. 2010 жылы дінтану, философиялық антропология, мәдениет философиясы мамандығы бойынша «Қазақ руханиятындағы ислам құндылықтары» (Ғылыми жетекшісі проф.Байтенова Н.Ж.) атты докторлық диссертацияны табысты қорғаған.
Бағдат Бейсенов оқу құралдарының («Қазақ ойшылдары дін туралы», 2012; «Зайырлы қоғамдағы діни құндылықтар», 2014; «Әлемдік дін: буддизм», 2015; «Христиандық тарихы: оқу құралы», 2016); «Дін феноменологиясы және діндер тарихы» (2006), «Еркін ой тарихы» (2006), «Ислам тарихы» (2007), монографияның («Дін және қоғам», 2013); тестілер жинағының (2007), типтік бағдарламалардың авторы. Қосавторлықта, Бағдат Бейсеновтың қатысуымен «Қазақстандағы діндер» монография (2008), «Дінтану: энциклопедиялық сөздік»: Том 1, Том 2 (2018); «Дінтану: оқу құралы» (2019) басылып шығарылды. 70-тен астам ғылыми мақалалары ҚР БҒМ ҒК ұсынған ғылыми журналдарда, халықаралық Scopus, Web of Science базаларында индекстелген рейтингтік ғылыми журналдарда, халықаралық конференция материалдарында және т.б. жарық көрді. «Ұлттық қауіпсіздік аясындағы діни айқындалу мәселесі» (2007-2009), «Ұлттық идея аясындағы Қазақстандағы діндер» (2008), «Қазіргі дәстүрден тыс діни қозғалыстар мен культтер» (2009), «Жаңа діни ағымдар және қазіргі Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік бірегейлігін сақтау мәселелері» (2009-2011), «Қазіргі Қазақстандағы діннің рөлі» (2012-2014), «Дінтану: энциклопедиялық сөздік (қазақ тілінде)» (2015-2017) секілді ҚР БҒМ тарапынан бөлінетін іргелі жобалар аясында ғылыми қызметкер ретінде ғылыми зерттеулермен айналысты. Бейсенов Қайбылдаұлы факультет пен кафедра тарапынан тапсырылған қоғамдық жұмыстарды жауапкершілікпен, уақытында атқарды. Ғылыми-зерттеу жұмысын ұстаздық қызметпен сабақтастыра білетін, жауапкершілігі мол, әріптестері арасында құрметке ие қызметкер болған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұжымы, әріпестері, шәкірттері философия ғылымдарының докторы Бейсенов Бағдат Қайбылдаұлын үлгілі ұстаз, ерекше талантты ғалым, керемет кеңпейіл, ерекше жан ретінде танып біледі. Байтенова Н.Ж., Альджанова Н.К.