Нұржанов Бекет Ғалымжанұлы

философия ғылымдарының докторы, профессор. Фуко, Лиотар, Деррида, Делез, Бодрийяр есімдерімен айшықталған постмодернистік дискурсты Қазақстанға алғаш танытушы отандық постмодернист. «Тамыр» жураналының авторы. Тамыр журналына сіңірген еңбегі үшін «Қола Асық» премиясымен марапатталған. Неміс классикалық философиясы көтерген өзектімәселелерге өз үлесін қосқан, соынмен қатар Батыс Еуропа топырағында пайда болған ең соңғы ағымдарды талдап, оны өз руханиятымызбен салыстырып, мәдени философия саласында компаративті зерттеулер жүргізген. Постмодернизм мен фундаментальді антропология классиктерін орыс тіліне аударып, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына қомақты үлес қосты. Ол кезінде ҚазССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі Ағын Қасымжановтың шәкірті болған. Бірақ француз, ағылшын, неміс тілдерін білгесін, ол 1980 жылдардың өзінде марксизм аясынан шыға бастаған. Ол да кезінде диалектиканың қазақстандық нұсқасын қалыптастырған Жабайхан Әбділдин тобы сияқты Гегельге табыну дәуірінен өткен. Докторлық диссертациясын осы философтың ілімінен қорғаған. Бірақ батыс философиясымен жете таныс болғасын, өз кумиріне қарсы шығып, оның дидактикасын Хайдеггер, Адорно, Дерридаларға сүйеніп жоққа шығарған. Нұржановтың ішкі өзгерістері оның Мәскеуге үш рет барған ғылыми іс сапарларына байланысты. Бірінші сапарында сол жақта докторлық диссертация қорғаса, екінші және үшінші сапарында өзі үшін батыс философиясының майталмандары Хайдеггер мен Дерриданы ашады. Егер Бекеттің Гегельді қалай сынағанына келсек, ол неміс философының «Дүние – Абсолютті рухтың әйгіленуі» деген қағидасына қарсы шыққан. Қазақ философының пайымдауынша, дүние тек жеке нәрселердің өзара байланысы мен қақтығысы, оның Ақылға, немесе Абсолютті рухқа еш қатысы жоқ. Ақыл дүниені ұғынудың құр құралы ғана. Болмыс ойға көне бермейді, екеуі екі басқа тірлік. Ақыры абсолютті идеализмнен бас тартып, Бекет Хайдеггердің экзистенциализміне бойлай бастайды. Бұл жолда ол Сартрдың «Бұл дүниені ұғыну үшін сен алдымен онда бар болуың керек» деген қағидасына сүйенеді. Бұл дүние неге жоқ емес, бар? Бірақ бар дүние де мәңгі емес қой, өйткені адамның болмысы өлімге қарай жылжыған болмыс. Осы арқылы Хайдеггер болмыс мәселесін ұмытылу түнегінен шығарып, ол тірлікпен бір емес деген тұжырымға келеді. Себебі тірлік дегеніміз қазіргі бар нәрсе, ал болмыс дәл қазір жоқ болса да, мүкіндікке толы тірліктің әлі белгісіз нобайы. Сондықтан философтың міндеті болмыстың атойын тыңдау, оның болашақта болар формаларын алдын ала болжай білу. Сөйтіп дүние ешбір Абсолютты Рухтың әйгіленуі емес және тіпті философияның да көрінісі емес, өйткені философия тек тіл арқылы жасалады деп Хайдеггер Витгенштейнмен бірге тіл философиясына қарай бұрылыс жасайды. Осының арқасында ол Гегельден кейін ұмыт болған көне грек философиясын тірілтіп, гректердің Сократтан бұрынғы Парменид, Гераклит сияқты алғашқы философтарын қайта ашады. Осы арқылы Хайдеггер Гегель мен Кант сияқты систематиктерді әшкерелеп, кейінгі постмодернистерге жол ашады. Ал соңғылардың бағыты коммунизм немесе фашизм сияқты бірнұсқалы жүйелерден қашып, бұрын назарға ілікпеген, елеулі, қажетті саналмаған құбылыстарды саралау, немесе үйреншікті көзқарастарды бұзып, батыс мәдениетіндегі дағдылы нәрселерді қайта зерделеу. Мысалы, Бодрийяр марксизмнің символикалық астарын аша білсе, Делёз бен Гваттари адамзатты отырықшылар мен көшпенділерге бөліп, соңғылар туралы номадология деген ілім жасаған. Ал Дерриданың деконструкциясы мүлде бөлек әңгіме. Бекет Ғалымжанұлы Нұржанов осы тосын идеялардың бәрін қазақ философиясына таныстырған. 1996-1997 жылдары Нұржанов ҚР ЖАК философия, политология және социология жөніндегі эксперттік кеңесінің мүшесі ретінде ғылыми мамандықтардың тізіміне «мәдениеттану» ілімін енгізген. Келесі жылы бұл оқиғаға да 10 жыл толады. Бұл саладан осынша жылда 8 докторлық және 50-ден астам кандидаттық диссертациялар қорғалған. Жаңа мамандықтың күрделілігін есептегенде бұл өте жоғары көрсеткіш. Негізгі еңбектері: Культурология 1994, Экономия письма. Грамматология Деррида и контекст культуры, Модернизм и постмодерн в социальной рефлексии, Странная вселенная Жана Бодрийяра.